Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жаңа 9 қабатты жатақханасы пайдалануға берілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың наурыз айындағы бес бастамасы бойынша ел игілігіне берілген алғашқы студенттер үйінің бірі әрі бірегейі.
Мемлекет басшысы ұсынған «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жайын "Нұр отан" партиясы өз бақылауында ұстап келеді. Қазіргі таңда ел өңірлерінде жаңа жатақханалар бой көтеріп, алдағы жылдары студенттерге беріледі. Алматы қаласында орналасқан 38 жоғары оқу орнында шамамен 140 мыңға жуық студент оқиды. Оның тең жартысынан астамы өзге өңірлерден келген жастар. Осы жастардың жатақханамен қамтамасыз етілуіне Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» тың серпін беріп отыр. Алдағы үш жылда Алматыда 22 мың орындық 37 жатақхана салынатын болады. Жергілікті билік кейбір университтерге жер телімдерін бөліп, құрылыс алаңдарына жылу, су, электр энергиясы секілді инженерлік желілерді тартуға көмегін беруде. Ал С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жаңа жатақханасы осының бір жемісі.
9 қабатты екі ғимараттан тұратын жаңа студенттер үйінің ашылу салтанатына ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов арнайы келді. Өзі оқыған оқу орнындағы студенттерді жаңа қоныстарымен құттықтап, ақ лебізін білдірді. Болашақ дәрігерлерді көріп сөзін "құрметті әріптестер" деп те бастады.
- Қайырлы күн, құрметті әріптестер! Осылай атағаным дұрыс шығар. Себебі сіздер болашақ дәрігер мамансыздар. Мен де осы шаңырақта білім алғанмын. Осы жатақхананың ашылу салтанатына келгеніме өте қуаныштымын.
Өздеріңізге мәлім, бұл жатақхана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы негізінде іске қосылды. Тек қана Алматыда ғана емес, тек медицина саласында ғана емес, басқа да жоғары білім беру ұйымдарында да осындай жобалар жүзеге аса бастады. Елбасы тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан жобалар бізді қуантады. Университет басшылығына алғысымды білдіремін.
Қазіргі таңда жоғары білім беру сапасы көтеру аса маңызды мақсат. Халықаралық деңгейге жету үшін студенттерімізге бар жағдайды жасауымыз қажет. Тек жатақханалар ғана емес, университеттердің инфрақұрылымын дамыту керек. Алда тағы жатақханалардың бой көтеру жайын қарастырып, Елбасы бағдарламасының жүзеге асуына күш саламыз, - деді министр.
Елжан Біртанов жаңа студенттер үйін аралап, білім алушылардың күнделікті өмірімен де танысты. Болашақ дәрігерлермен ағылшын тілінде сөйлесіп, білімдерін тексеріп те көрді. Бөлмелерді, асхана, оқу залдары, кітапхана мен компьютерлік кабинеттерді аралады. Жаңа жатақханаға қуана-қуана қоныстанған студенттер Мемлекет басшысы мен министрге алғыстарын білдірді.
- Мемлекеттің студенттерге жасап жатқан игі істері мол. 2019 жылды "Жастар" жылы деп атауының өзі бізге зор қолдау. Негізінен студенттер тыңғылықты білім алу үшін оларға әлеуметтік жағдай жасалу керек. Міне осындай жатақхана ашылғанға біздің қуанышымызда шек жоқ. Біздің университетіміздегі жатақханаға мұқтаж студенттердің саны қысқарды, едәуір азайды. Бұл біз үшін бір жетістік. Студенттер үйінің әрбір бөлмесі жылы, жарық, заманауи талаптарға сай салынған. Мемлекет басшысына, сіздерге және университет басшылығына студенттер атынан көп-көп рақметімді айтамын, - деді университеттің студенттік ұйымының төрайымы Қарлығаш Жұманова.
"Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" бойынша пайдалануға берілген жатақхана Құрманғазы көшесі бойында бой көтерген. Жаңа студенттер үйіне 600-ге жуық білім алушы қоныстанады. Бұл Елбасы үндеуі негізінде ашылған еліміздегі ең ірі жатақханалардың бірі.
Жаңа студенттер үйінің ашылуы - С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті үшін айрықша қуаныш деуге болады. Себебі 6 000-ға жуық студент білім алатын оқу ордасында студенттерге жататын орын жетіспейді. Жаңа ғимарат бұл мәселені түбегейлі шешпесе де, өзге қаладан келетін аса мұқтаж студенттер үшін көп көмек болды.
Студенттер үйінде 75 адамға арналған асхана, кір жуатын орын, 30 адамға арналған оқу залы, шағын кітапхана, интернет бөлмелер, демалыс орны және медициналық көмек көрсету кабинеттері бар. Студенттер жайлылығы үшін бар жағдай жасалған. Жуынатын орындары бөлме жандарына орналастырылған.
Бұл студенттер үйі - С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 8-ші жатақханасы. Әрі ішіндегі ең ірісі. Сондай-ақ өз қаржысымен жатақхана салған еліміздегі алғашқы оқу орны.
Еліміздегі студенттер саны 500 мыңға жуық. Оның ішінде 41 %-ы өзге өңірлерде оқитын жастар. Өткен жылы 85 мыңнан жоғары студент жатақханаға зәру болған. Оның жартысынан көпшілігі мемлекеттік жоғары оқу орындарында білім алушылар. Нақтырақ айтсақ, жатақханада орындардың жетіспеу Алматыдағы оқу орындарында көп байқалады. Жыл сайын студенттер саны өскенмен, жатақханалар бой көтермеген. Ал көп студенттер үйі Кеңес кезінен қалған. Біразының тозығы жетіп, күделі жөндеуді де талап етеді. Бұл әлеуметтік мәселені басты назарға алған Мемлекет басшысы бес бастамасы бойынша айрықша тапсырма берді. Нәтижесінде жарты жылдан астам уақыт ішінде-ақ оң нәтижесін бере бастады.