Алматыда 8 жасар қызды тонаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған қылмысқа қатысты арыз кішкентай қыздың анасынан түскен.
Әйелдің айтуынша, қаладағы дәріханалардың бірінде белгісіз ер адам оның кішкентай қызының құлағындағы сырғасын шешіп алған.
«Күдіктінің іс-әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Бейнежазбадан ер адамның оқушы қыздың құлағындағы сырғасын қалай шешіп алып жатқанын көруге болады. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында біздің бөлімшенің қызметкерлері 49 жастағы К. есімді қала тұрғынын ұстады. Күдікті қылмысын мойындады», – деді Әуезов аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Елнұр Құдіретбаев.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.