Алматыда Қазақстан баспасөз клубында Наурызбай аудандық «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы жыл бойы атқарған жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Былтыр 4 ай ішінде орталыққа 1246 адам тіркелген. 11789 қызмет көрсетілген.
Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП арқылы 78 ата-ана білім алып, қайтарымсыз грантқа ие болып кішігірім кәсібін дөңгелете бастады.
«Орталықтың жұмысы барысында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әр мүшесі тап болатын нақты өмірлік қиындықтарын көрдік. Бұл біздің орталықтың Наурызбай ауданы мен жалпы қаланың барлық мемлекеттік құрылымдарымен белсенді және өзара әрекеттесуіне ықпал етті. Мұндай отбасылардың көптеген мәселелері жалпы психологиялық заңдық және әлеуметтік сауатсыздықтардан туындайды. Сондықтан 2019 жыл «Бақытты отбасы» орталығының жұмысы мұқтаж адамдарға дер кезінде көмек берудің қаншалықты маңызды екендігін көрсетті. Біз осы жоба арқылы адамдардың өмірін өзгертуге болатынын түсіндік», - деді орталық жетекшісі Сана Жандай.
Оның айтуынша, былтыр 78 әйел өз кәсібін бастау үшін қайтарымсыз грант алған.
«Оларға 202 АЕК мөлшерінде, яғни әрқайсысына 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Бұл қаражат аз болса да шағын стартап бастауға көп көмегін тигізеді. Әйелдердің көпшілігі сауда, бьюти сала, аспаздық, тігін бизнесі бойынша кәсібін ашып жатыр», - деді Сана Жандай.
Аталған орталықтың үйлестірушісі Нағигүл Бейсембина орталыққа көбінесе өзіне өзі сенімсіз адамдар келетінін айтты.
«Ең алдымен орталық арқылы білім алғысы келетін адамдар іріктеліп, арнайы тегін курстарда оқытылады. Алғашында осындай оқытуға біз адамдарды әкеле алмағанбыз. Себебі, жалғызбасты, көпбалалы аналар қарайып қалған, қаланың қайнаған тірлігінен қол үзіп қалған. Бізге келгенде сенімсіз болып келеді. Біздің жан-жақты көмегіміз оларды өз кәсібін бастауға қанаттандырады. Қазір жазылып қойған адам саны көп», - деді Н. Бейсембина.