Алматыда СССР-дың қызыл паспортымен жүрген 71 тұрғынға жаңа құжат берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы көші-қон қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Алматы қаласында 1974 жылғы үлгідегі бұрынғы СССР паспорты негізінде 71 адамға Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат берілді.
«Үкіметтің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысының, «Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, Қазақстан Республикасында шетелдіктің тұруға ықтияр хатын, жеке куәліктерін, азаматтығы жоқтар және босқындарды тіркеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою ережесін бекіту туралы» талаптарына сәйкес, 1974 жылғы үлгідегі паспорт негізінде алғаш рет жеке куәлік алған азаматтар Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарға, олардың, Қазақстан Республикасының азаматтығына жататынын 13-пішін бойынша Алматы қалалық ПД Көші-қон басқармасы Азаматтық және иммиграция бөлімі анықтама беру арқылы растағаннан кейін немесе Қазақстан Республикасының аумағында туғандардың және тұрақты негізде тұратын азаматтарға беріледі», – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бүтіншінов.
Құжат алғандардың арасында 54 жастағы Асылбек Омарбеков те бар. 24 қыркүйекте ол Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алды. Ер адам денсаулығына байланысты көрсетілген құжатты уақытында рәсімдей алмаған. Сол себепті, осы уақытқа дейін ескі құжатпен жүрген.