30 нау, 2022 сағат 18:28

Алматыда 600-ден астам көмекке мұқтаж отбасы орталық мешіттен көмек алып келеді


Алматыдағы көмекке мұқтаж отбасылар қаладағы мешіттерден үнемі көмек алып отырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Алматы қаласы бас имамының бірінші орынбасары Ержан Есім айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы орталық мешітінде 600-ден астам көмекке мұқтаж отбасы тіркелген. Олар әрдайым орталық мешіттен көмектер алып тұрады. Қаладағы 52 мешіттің әрбірінде осындай мұқтаж отбасылар тіркелген. Оларға көмек көрсету халықтың мешітке берген қаражатынан жүзеге асырылады», - деді Ержан Есім. 

Сондай-ақ оның айтуынша, биыл пітір садақасын ұнмен, қаражатпен және ramadan2022.kz сайтындағы арнайы «пітір садақа беру» батырмасы арқылы беруге болады. 

Алматы Орталық мешітінің ұстазы Руслан Қайыргелді қаладағы 52 мешіттің 47-сінде тарауих намаздары оқылып, құран хатым түсірілетінін айтты. 

«Сондай-ақ, қала мешіттерінде түскі және кешкі намазадардан кейін дәріс, сабақтар өткізілетін болады. Ол жерден сіз өзіңізді толғандырған сұрақтарыңызға жауап ала аласыз», - деді ол. 

Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан «қадір түні» жайлы өз ойын айтты. 

«Қадір түні - рамазан айын ерекше ететін құдайдың бір сыйы. Бұл мың айға тең келетін түн. Бұл түнді ұйқысыз өткізсем деген мақсат жоқ. Дегенмен, бұл түнді құлышылықпен өткізген жөн. Яғни, намаз оқу, құран оқу, дұға жасау сынды іс әрекеттермен өкітзген дұрыс», - деді бас имам.