13 қар, 2019 сағат 10:06

Алматыда 6 адам табиғи газдан уланды

Алматыда иіс тиіп уланған 6 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық ТЖД басшысының орынбасары Арман Байгеловтың айтуынша, қаланы газдандыру бағдарламасы аясында көмірмен жылитын үйлердің саны 2,2 есе азайған. Яғни, 2018-2019 жылыту маусымында - 16 626 үй, 2019-2020 жылыту маусымында барлығы 7264 үй пешпен жылытылады.

Көгілдір отын тұтынушыларының саны көбеюіне байланысты табиғи газдан улану деректері де көбейе бастаған. Биылдың өзінде 36 адам уланған. Былтыр 44 адамға медициналық көмек көрсетілген болатын.

Қайғылы оқиғалар көбінесе газ құралының герметикалық қорғанысы бұзылғаннан газдың ауаға тарауынан болған.

«9 қарашада Наурызбай ауданының Қарағайлы елді мекенінде газ қазандығының ақауынан 4 адам газдан уланған. Бұл үйде газ құбырында тартылыс жүйесі жұмыс істемеген. Олар токсикология бөлімшесіне жеткізілді. Оның ішінде 1 бала бар. Медициналық көмек көрсетілген соң барлығы үйіне қайтарылды. Көбінесе үй иелері өздері үйдің жертөлесінде көмірмен жанатын пешін газ пешіне ауыстырып алады. Бұлай істеуге болмайды», - деді Арман Байгелов.

11 қарашада Түрксіб ауданында Шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасының токсикология бөлімшесіне 2 адам газдан уланып түсті. Олардың үйіндегі пеште де тартылыс болмаған.