Алматы қаласы әкімінің орынбасары, коронавирустың алдын алу бойынша құрылған арнайы штаб басшысы Ержан Бабақұмаров Алматыда зертханалық жолмен ешбір пациенттен коронавирус жұқпасы расталмағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қалада медициналық бақылау жүйесі үш бағытта ұйымдастырылған.
Біріншісі жұқпалы ауру бола қалған жағдайда іске қосылады. Екіншісі - провизорлық бағыт.
«Провизорлық орталық - жұқтыру қаупі жоғары адамдар. Үшінші бағыт – инфекция шыққан елдерден келген адамдарды карантинге жатқызу. Осы үш санат қазір тексеруден өтіп жатыр», - деді Е.Бабақұмаров.
Оның айтуынша, қалада коронавирус жұқпасы ешқандай адамнан зертханалық деңгейде расталған жоқ.
«12,5 мың (адам – ред.) бағытталды. Алматы бұл тұрғыдан ең дайындығы жоғары қала. Бізде 1 орталықтандырылған, 2 ұлттық зертхана жұмыс істейді», - деді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қоғамдық кеңес отырысында.
Бүгінде Алматыда 497 адам карантинде жатыр. Олардың жағдайы бірқалыпты. Провизорлық орталықтарда 10 пациент жатыр. Олардың денсаулығына тестілегенде зертхана сынамасы ЖРВИ мен тұмауды көрсетті.