Алматы қаласының 44 жастағы тұрғыны 14 баланың анасы атанды. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көпбалалы ана сәбиін Алматы қалалық Перинаталды орталығында босанды. 7 ұл мен 7 қыздың анасы дәрігерлерге алғысын білдірді.
«Құдайдың бергенін қуана қабылдаймыз, әрине. Сондықтан, үлкен отбасы болып отырмыз. Қазір тұңғышымның өзі әке атануға дайындалып жүр. Не болса да, бастысы басымыз аман болсын» — деді қала тұрғыны Елена Бородюк.
Батыр ананы босандырып алған дәрігерлердің айтуынша, нәрестенің бойы 55 см, салмағы 4 келіден астам. Қазір ананың да, баланың да денсаулығы бірқалыпты.
«Жоғарғы топтағы қауіп-қатердегі қан кету болғандықтан, бүкіл ұжым болып атсалысып, әйел он төртінші баласын аман-есен босанды. Салмағы 4 келіден асатын қыз бала дүниеге келді» — деді Алматы қалалық Перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Жәмиля Исаева.