12 мам, 2022 сағат 01:09

Алматыда 4 жасар бала шұңқырдағы суға батып көз жұмды


Алматыда 4 жасар бүлдіршін шұңқырға жиналған суға құлап, мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Алатау ауданына қарасты «Қарасу» шағынауданында болған. 

«Бұл жағдай Алатау аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі таңда соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, заңмен көзделген процессуалдық әрекеттер бар. Қайғылы оқиғаның мән-жайы толық анықталады. Міндетті түрде заң аясында жауапты адамдарға шара қолданылады», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

БАҚ беттерінде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, бүлдіршіннің өмірін қиған лай суға толы шұңқыр бір ай бұрын қазылған. 

«Қарасу» ықшамауданындағы кәріз жүйесін орталықтандыру үшін осы жерде арнайы станция құрылысы басталыпты. 

Жерасты суы кедергі келтірген соң жұмысты уақытша тоқтатып қойған.

Бүгін Алматыда нөсер жауын жауып, қала аумағында бірқатар көше мен тұрғын үйдің ауласын су басып қалды. 

Мегаполисте су тасқынын жою үшін жедел штаб құрылды. Жаңбыр мен дауыл салдарынан 19 ағаш құлады. Бір автокөлік пен бір үй зардап шекті.