1 ақпаннан бастап Алматыда барлық халықаралық рейс бойынша санитарлы-карантиндік бақылау күшейтілді.
Бұл туралы Алматыда өткен брифинг барысында қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазіргі таңда Алматыда коронавирус инфекциясының алдын алу және таратылуын болдырмау мақсатында профилактикалық шаралар легі жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап Қытайдан келетін барлық рейстер тоқтатылады. ҚХР-дан келетін рейстердің оқшаулық қағидаты сақталады. Қытайдан келетін әуе кемелерінің бәрі жеке тұраққа орналастырылып, жолаушылар мен экипаж мүшелері әуежайдың терминалымен байланысы жоқ арнайы аумақтан өтеді.
«1 ақпаннан бастап барлық халықаралық рейс бойынша санитарлық-карантиндік бақылау күшейтіледі. Әлемнің 26 елінде коронавирус жұқтырудың 160 жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда барлық рейс қадағалануда», - деді Айзат Молдағасымова.
Санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтуге 80 эпидемиолог пен 8 бригада жұмылдырылған. Тәулік бойы 30 эпидемиолог барлық рейс бойынша жұмыс жүргізеді.
«Алматы халықаралық әуежайы республикадағы ең ірі әуежайлардың бірі. Күніне мұнда 50 рейс орындалады. Бір уақытта 5 рейстің орындалатын кезі де болады. Дәл осы рейстерде коронавируске күдікті адамдарға қатысты санитарлық бақылау күшейтілген», - деді ол.
Айта кетерлігі, әуежайға келген адамдардың бәріне бірден бақылау орнатылады. Әуежай жаңаша технологиядағы тепловизормен қамтылған. Бортта температураны 2-ден 3 метрге дейінгі қашықтықта жанаспай көрсететін байланыссыз тепловизор жұмыс істейді. Әуежайда стационарлық жылу түсіргіштер бар. Олар техникалық параметрлер бойынша ұзақ қашықтықта температураны өлшей алады. Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияға күдікті адамдарды тексеру үшін жеке желдету жүйесі бар сүзу аймақтары қарастырылған.
«Ұшақта олар тек тексеру жүргізіп қана қоймайды. Сонымен қатар эпидемиологиялық тұрғыдан қолайсыз елдерден келгені жайлы анамнез жинап, сауалнамалар жүргізіледі, бүкіл рейстерде келгендердің бәріне медициналық бақылау толық көлемде жүргізіледі. ДДСҰ мәліметтері бойынша, анамнез тек Қытайдан келетін жолаушылардан ғана емес, сонымен қатар коронавирустық инфекциялар тіркелген елдерден келген басқа да жолаушылардан жинақталады», - деп түсіндірді Айзат Молдағасымова.
Сонымен қатар, зертханалық зерттеулер катаральды құбылыстардың белгілері болған жағдайда ғана жүргізілуі керек.
«Барлығына жалпы зертханалық диагноз қоюдың қажеті жоқ. Статистика көрсеткендей, адамдардың 99,9 пайызында ЖРВИ, әртүрлі штамдар, ал қалғандарында әртүрлі санаттағы вирустар (коронавирус емес) анықталған», - деп атап өтті спикер.
Осы жылдың 18 қаңтарынан бастап Қытайдан Алматыға 4904 адам келіп, олардың 90 пайызы бақылауға алынған. Аталған азаматтарды медициналық ұйымдардағы деректерін табу және тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Айзат Молдағасимова сонымен қатар барлық клиникада жұқпалы аурулардың белгілері бар адамдарға арналған оқшаулағыштар ашылатынын айтты. Бұл шешім коронавирустық инфекцияның алдын алу және уақтылы анықтау үшін қабылданған.
Алматыда еңбек ететін Қытай азаматтарының жағдайын тексеру бойынша бөлек жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық кәсіпорында, соның ішінде жатақханаларда, қонақүйлерде, мейрамханаларда, дәмханаларда рейд жүргізілуде. Жалпы, Алматы қаласындағы жағдай тұрақты.
Мегаполисте коронавирус жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. Вирустық аурулардың алдын-алу үшін Айзат Молдағасымованың айтуынша, жеке гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау керек: қолды жуып, халық көп жиналатын орындарға көп бармау, медициналық маска кию, белгілері анықталған жағдайда дәрігермен кеңесу және иммунитетті көтеру. Қажетті ақпаратты алу үшін 1406 Call-орталығына тәулік бойы хабарласуға болады.