Алматы тұрғыны сотталған ағасының қайтыс болғанын Қарағанды облысындағы АК-159/5 колониясына барған кезде білген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Видеода Сәулет Жұмабекова есімді әйел Абай ауданындағы АК-159/5 колониясында жазасын өтеп жатқан ағасына Алматыдан барғанын айтады. Кездесуде ол сотталушыға інісінің қайтыс болғанын жеткізгісі келген. Бірақ әйелдің сотталушымен кездесуге мүмкіндігі болмаған.
Сәулеттің айтуынша, колония қызметкерлері оған ағасы қайтыс болғанын, тіпті жерленгенін хабарлаған. Видео кейіпкері бұл туралы түк болмағандай айтқанын жеткізді.
"Ағамның жеке ісінде бірінші парақта менің байланыс деректерім, мекенжайым көрсетілген. Бірақ маған оның қайтыс болғаны туралы хабарланған жоқ. Неге? Біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Қазір түрлі жолмен хабарлауға болады ғой. Тіпті соғыста да жерлеу туралы хабар беріледі. Неге бұлай жасайды? Не болса да адам ғой. Қазақстандықтарға айтарым, жазаны өтеу орындарында туыстарыңыз болса, барып, жағдайын жиі біліп тұрыңыз", - дейді Саулет видеода.
ҚАЖҚ баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, сотталушының жеке ісінде олардың деректері көрсетілмегендіктен, туыстарына хабарланбаған.
"Сотталушы осы мекемеге былтыр 9 ақпанында келді. Мекемеге келгеннен кейін ол өзінің орналасқан жері туралы ескертуден бас тартты, жақын туыстарының сауалнамалық мәліметін де ұсынбады. Осыған байланысты сотталған адамның кенеттен қайтыс болғаны туралы жақын туыстарын хабардар ету мүмкін болмады. Мекемеде жазасын өтеу кезінде сотталған адам телефонмен сөйлесу, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кездесулер арқылы әлеуметтік байланыс орнатқан жоқ, сәлемдемелер де алған жоқ", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, ҚАЖҚ сотталушы 6 қазанда қайтыс болғанын хабарлады. Медициналық сараптама өлімнің себебін анықтаған. Ер адам атеросклеротикалық жүрек ауруынан қайтыс болған.