21 нау, 2020 сағат 14:04

Алматы тұрғыны 2 мың теңге беріп блок-бекет арқылы адам өткізбек болған – полиция

Алматыда 2000 теңгеге блок-бекеттері арқылы адамдарды өткізуге тырысқан азамат ұсталды.

Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Карантин жарияланған екі күнде қала халқы арасында ақша берген жағдайда блок-бекет арқылы өтуге болады екен деген ақпарат тарады. Осы орайда біз арнайы топ құрып, азаматтарды өткізуге жәрдем беріп жүрген жолаушы тасымалдаушыны ұстадық. Ол азаматтарға 2000 мың теңге берген жағдайда бекеттен өткізуге уәде беріп, алданған азаматтарды бекет маңына әкеліп, ізін суытатын болған. Өзі облысқа өте алмады. Оған қатысты қазір алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр», - деді Ж.Мұраталиев. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталған блок-бекеттердедің жұмыс барысы тұрақты, көліктер және азаматтар қалыпты тәртіппен өткізіліп, тәртіп сақшылары азаматтармен және көлік жүргізушілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Түсіндіру жұмыстары дыбыс күшейткіш құралдары арқылы да жүзеге асырылуда. 

«Азаматтар өздерінің жеке қауіпсіздігі жайлы, санитарлық талаптардың сақталуы, жүк көліктерінің блок бекеттер арқылы қандай құжаттармен өткізілуі және жауапкершілігі жайлы, және төтенше жағдай кезінде заң талаптарын бұзған немесе билік өкілдеріне бағынбаған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатындықтары туралы, сондай-ақ кез-келген заңға қайшы әрекеттерді хабарлап отырулары үшін кері байланыс бойынша толық ақпараттар алуда», - деді ол.