14 қар, 2019 сағат 09:58

Алматы тұрғындары Еуропадан пошта арқылы есірткі алдырып, сатып келген - ҰҚК

ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Еуроодақ елдерінен Қазақстанға пошта арқылы синтетикалық есірткі жеткізетін контрабандалық арнаны ұйымдастырған топтың жолын кесті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Сонымен, 6 қарашада пошта бөлімшесінде жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде 968 психотроптық таблетка табылды. Сондай-ақ, Германия арқылы Нидерландыдан контрабандалық есірткі жеткізуге қатысы бар Алматы қаласының екі тұрғыны - «К» және «Д» ұсталды.

«Ұсталған «К»-ның тұрғылықты жері бойынша шамамен 1.5 кг «гашиш» есірткісі мен 30 г мефедрон алынды. Алынған заттар сот-химиялық сараптамаға жолданды. Есірткі құралдары мен психотроптық заттарды интернет-дүкен арқылы өткізіп отырған» делінген хабарламада.

Осы дерек бойынша ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті ҚК 297-бабы 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұсталған адамдар Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.