17 ақп, 2020 сағат 15:08

Алматы тауларында қар көшкіні болды

Алматы тауларында қар көшті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті қардың мол түсуіне байланысты тау бөктерінде қар көшкіні болатынын хабарлаған.

Табиғи құбылысты бақылаған «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлері көшкен қар Үлкен Алматы көлі маңындағы жолға келіп тоқтағанын айтты.

«17 ақпанда Үлкен Алматы көліне апаратын (Жосалы көлі) жол бойындағы Құмбел бақылау бекетінің маңында қар көшкіні болды. Көшкен қардың қалындығы - 70 текше метр. Жол учаскелерін тазарту үшін «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің 2 техникасы мен 6 жұмысшы жұмылдырылды. Көлік жүретін жол ашық. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.