Алматыда Алмалы ауданының саябақтарында ит серуендетушілерге арналған пакеттері бар жәшік орнатылады. Бұл туралы аудан әкімі Бекқали Торғаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, мұндай ұсынысты тұрғындар өздері жеткізген. Бекқали Торғаев осы бағытта тұрғындардың пікірі ескерілетінін айтты.
Биыл М.Ганди атындағы саябақта иттің нәжісін жинауға арналған арнайы кешен орналастырылатын болады.
«Бізде 15 сквер, 1 саябақ, 5 жасыл аймақ бар. Бұл жерлерде адамдар таңертең жүгіреді. Келесі жылы К.Байсейітова көшесінде жаяу жүргіншілер аймағын жасаймыз. Осы аймақтарда адамдар итпен көп жүреді. Сондықтан көпшіліктің наразылығы бар. Итпен серуендеуге болады, бірақ олар тұмылдырық тағуы тиіс. «Қатысу бюджеті» бағдарламасы аясында бізде 1 жоба өтті. Біз қазір бұл жобаны Ганди атындағы саябақта жалғастыратын боламыз. Саябақтардың кіреберісіне арнайы жәшіктер қойылады. Ішінде пакет болады. Ит иелері сол пакетті алып жүреді. Итпен серуендеп жүргенде пайдаланатын болады. Қаланың барлық тұрғындары тәртіпке бағынуы тиіс», - деді Бекқали Торғаев.