04 шіл, 2022 сағат 17:38

Алматы "сары" аймаққа өтті


Алматы эпидемиологиялық жағдай бойынша "сары" аймаққа өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлімдеді.

16 маусымнан бастап Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны артқан еді. Зерттеулер бойынша бүгінде COVID-19 жұқтырғандар санының артуына стелс-омикрон әсер еткен.

Еске салайық, бұған дейін елдегі COVID-19 көрсеткіштерінің артуын ескере отырып, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңірлер эпидемиологиялық қауіп-қатердің сары аймағына көшкен жағдайда төмендегі қосымша шараларды қабылдау керек екені туралы шешім қабылданған болатын:

  • науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс істеу форматына көшіру;
  • COVID-19-ға қарсы екпе салдыруға болмайтын қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру;
  • жабық жерлер мен қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағу;
  • 10-нан аса адам қатысатын жиналыстарды онлайн форматта өткізуді ұсыну. 

Сондай-ақ, аймақтың эпидемиологиялық ахуалына қарамастан, әуеде, ТЖ көліктері мен халықаралық автобустарда маска тағу ұсынылады.