Алматыда қылмыстық топ осы жылдың 5-6 қаңтары күндері қала көшелерінде дене күшін қолданып, азаматтарды заңсыз тұтқындап, ұрып-соққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық топ азаматтарды еркінен тыс «Қазақстан» қонақ үйіндегі «BallRoom» мейрамханасы мен «Esentai Tower» бизнес орталығының көлік тұрағында ұстап отырған. Ұсталғандардың арасында алған жарақаттарынан көз жұмған адамдар да бар.
«Зардап шеккендердің көпшілігі анықталып, тергеу амалдары жүргізілді. Алайда, болған оқиғалардың толық көрінісін анықтау үшін тергеумен анықталмаған куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтары қажет. Азаматтық борышын өтеуге шақыра отырып, көрсетілген қылмыстық әрекеттерден зардап шеккен, сондай-ақ, осы оқиғалардың куәгері болғандардың барлығын Желтоқсан көшесі, 189 мекенжайы бойынша Алматы қаласы прокуратурасының ғимаратына келіп, бар білгендерін тергеу-жедел тобына хабарлауларын сұраймыз. Байланыс телефондар: 8-775-888-03-65; 8-775-644-95-96», - делінеді қалалық полиция департаменті таратқан хабарламада.