Алматы полициясы «Контрафакт» жедел профилактикалық операциясын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бір аптаның ішінде ақпарат және байланыс саласында 5 қылмыс әшкереленген.
51 жастағы адам білдірмей жазатын аудио-видео техниканы саудаға қойған. Үстелге қоятын сағаттан флешка салатын орын мен заряд құралы табылды.
Бұл дерек бойынша сараптама тағайындалды.
Сонымен қатар, екі адам белгілі интернет алаңда элиталық пәтерді жалға беремін деген жарнама таратқан.
Алайда қолымыз тимей жатыр деп сылтау айтып, ақшаны электронды аударыммен жіберулерін сұраған.
Осылайша аңқау тұтынушылардың қаржысын иемденіп отырған.
«Бүгінде көптеген қылмыстар интернет арқылы жасалады. Тараптар бір-бірін көрмей-ақ мәміле жасайды. Бірі-біріне есепшоттары, реквизиттері туралы, жеке мәліметтерін жібере береді. Мәселен жақында ғана 30 жастағы әйел ұсталды. Ол бір интернет дүкеннен тауар алмақ болып, сатушыдан картаның мәліметтерін сұратқан. Сатушы еш күдіксіз мәліметтерін бере салған. Содан соң карта мәліметтерін пайдалана отырып карта иесінің атына микронесие ұйымы арқылы несие рәсімдеткен. Карта иесіне ірі қаражат түскен соң хабарласып, ақшаны шатасып лақтырып жібердім деп Киви әмиян арқылы қайтарып беруін өтінген. Осылайша ол сатушының мойнына бірнеше жылға несие ілім кеткен», – деді қалалық ПД Қылмыстық полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиадин.