Алматының патрульдік полициясы бір тәулікте 550 бағыт бойынша шолу жасайды. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Іnstagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қалада тәулік бойы 550 бағыт бойынша полицияның 1650 қызметкері патруль жасайды. Олардың ішінде 350 патруль қызметкері барынша кримоногенді 32 учаскедегі тәртіпті қадағалайды. Мұнда төрт айдың ішінде қылмыс деңгейі 17,4 пайызға азайды. Полицияның 23 мобильді пункті ашылып, бұларға қазірдің өзінде 2,5 мыңға жуық адам көмек сұрап жүгінген. Оларға құқықтық және заңнамалық көмек көрсетілді», - деп жазды Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қала басшысының айтуынша, патрульдік қызметті күшейту, полицияның мобильді пункттерін құру — құқықтық тәртіпті бұзудың алдын алудағы белсенді шаралар.
«Видеомониторинг жүйесінің зияткерлік әлеуетін арттыру қатар жүруде. Басты басымдықтардың бірі — қауіпсіздік болғандықтан, алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдайтын боламыз», - деп жазды әкім.