12 қыр, 2022 сағат 11:23

Алматы полициясы алаяқтың арбауына түскен азаматтарды іздестіріп жатыр


Алматы полициясы алаяқтың арбауына түскен азаматтарды іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу мәліметінше, А. есімді әйел өзін екінші деңгейлі банктердің бірінің кепілге қойылған мүлікпен жұмыс жасайтын қызметкері ретінде таныстырып, Алматы қаласында жоқ пәтерлерді сатқан. Алаяқтық туралы шаһардың бірнеше тұрғыны полицияға келіп арыз жазғаннан кейін белгілі болды.

"Күдіктінің іс-әрекетінің шарықтау шегі 2012-2013 жылдары болды. А. есімді әйел өзін банк қызметкері ретінде көрсетіп, пәтер беремін деген желеумен ақша талап еткен. Алдын ала төлем сомасы пәтердің шаршы метріне байланысты болған. 3 бөлмелі пәтерге 70 мың доллар, 1 бөлмелі пәтерге 17 мың доллар алған. Ақшаны алғаннан кейін іскер әйел байланысқа шығуды тоқтатқан. Ал алданған азаматтар уәде етілген баспананы ондаған жыл бойы күткен. А. есімді әйел ұсталды. Қылмыстық істер бір өндіріске біріктірілді. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы ("Алаяқтық") бойынша жүргізіліп жатыр. Істі қарау барысында ұсталған әйелдің осыған ұқсас 4 эпизодқа қатысы бар екені белгілі болды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы анықталып жатыр", – деді Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасының бастығы Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Тергеу мерзімінде А. есімді әйелге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Тергеу жалғасып жатыр.

"2014 жылы әйел адам осыған ұқсас қылмыстары үшін сотты болған. Қазір оның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды анықтау үшін күдіктінің жеке басын жария етудің процессуалдық қажеттілігі туындады. Бұл азаматшаны таныған адамдар болса, мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуларын сұраймыз: 8-701-732-86-54 және 8-701-624-28-24", –  деп толықтырды Мұхамедәлі Сейсенұлы.