22 там, 2019 сағат 16:41

Алматы Орталық Азия елдерінен волонтерларды қабылдауға дайын

Алматы Орталық Азия елдерінің барлық еріктілерін қабылдауға дайын. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Іnstagram-парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін, Алматыда Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша жарияланған Жастар жылының аясында «Орталық Азия жастары» фестивалі ашылды. Ұйымдастырушылар –ҚР Тұңғыш Президенті қоры мен Алматы қаласының әкімдігі.

«Біздің қаламыз екі күн бойы 7 елдің 400-ге жуық дарынды жастары қатысатын алаңға айналады. Қатысушылар географиясын кеңейтуді және болашақта Ресей, Қытай, Корея мен Үндістанның және басқа да елдердің жастарын шақыруды әрі фестивальды жыл сайын өткізуді ұсындым», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды Еріктілер жылы деп жариялаған болатын.

«2020 жылы Алматыда өңір елдері еріктілерінің Жастар форумын өткізуді ұсынамын», - дейді Алматы әкімі.