Алматыда қойма өртенді. Өрт 600 шаршы метр аумақты шарпыған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде 4 тамызға қараған түні Мұқанова көшесі бойындағы қоймаларда өрт шыққаны туралы ақпарат пайда болды.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, 4 тамызда сағат 21.42-де Алмалы ауданы, Мұқанов пен Гоголь көшелері қиылысында қою түтін шығып жатқаны туралы хабар түскеннен кейін өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына барған.
"Алғашқы бөлімшелер келген соң 21.45-те азық-түлік қоймасында өрт шыққаны анықталды. Өрт 23.05-те оқшауланып, 23.24-те жойылды. ТЖД қызметкерлері жедел әрекет етіп, жақын маңдағы әкімшілік ғимаратқа жалынның таралуына жол бермеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр", - деді ТЖД өкілдері.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.