Алматы облысында қойылған блокбекеттерде бір уақытта шамамен 100 тәртіп сақшысы қызмет атқарады. Ең көп блокбекет Қарасай ауданында, нақты айтқанда 8 орынға қойылды. Іле ауданында - 6, Талғар ауданында 3 жерде бақылау-өткізу бекеті ұйымдастырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің аумағында төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай, ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен полицияның жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген тәртібіне көшірілді. Полицияның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта департамент тарапынан коронавирус індетінің алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылдануда. Өткен тәулік ішінде блокбекеттер жұмысына жұмылдырылған қызметкерлер 3 266 көлікті тексерді. 19 наурыздан, яғни карантин енгізілгелі бері (Алматы қаласында – ред.) 23 000 көлік тексеруден өтті», - деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев.
Сонымен қатар, облыс орталығы – Талдықорған қаласы маңына 4 санитарлық бекет қойылды. Жақын күндері қалаға 8 064 көлікке мінген 20 мыңнан астам жолаушы кірген. 21 наурыздан бері бекеттерден 21 371 көліктің өткені анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 476-бабының талаптарын бұзған 26 тұлға жауапкершілікке тартылды.
«Құрметті, жерлестер, ең алдымен сіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігіне бағытталған ішкі істер органдарының әрекеттері мен шараларына түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Сонымен қатар, төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтауға, әлемдік деңгейдегі індетпен күресте және оның алдын алуда полицияның және өзге де қызметтің талаптарын орындауға шақырамын. Ең бастысы, сіздің денсаулығыңыздың кепілі болатын – санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау қажеттігін ескертемін», - деп атап өтті облыстың бас полицейі.
Айта кетейік, Алматы облысында коронавирусқа шалдығудың 1 оқиғасы тіркелді. Осы уақыттағы жағдай бойынша Қазақстанда індетті 124 адам жұқтырды.