видеодан алынған кадр
Алматы облысында BMW және Daewoo соқтығысып, алты адам зардап шекті. Арасында кәмелетке толмаған балалар бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Жол апатының бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Жол-көлік оқиғасы Байсерке - Тілендиев тас жолының жиырма алтыншы шақырымында болған.
"Жігіттер, көлікті асықпай жүргізіңіздер. Қазір бұл көлікте балаларымыз жатыр, біз қазір ауруханаға бара жатырмыз", - дейді видео авторы.
Балалар ауыр жараланған, біреуі жансақтау бөлімінде.
Алматы облысының полиция департаменті апат 30 сәуірде Іле ауданындағы Төңкеріс - Байсерке - Қараой - Междуреченск автожолында болғанын хабарлады. 20 жастағы Daewoo жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағына тоқтағанда BMW көлігі келіп соқтығысқан. Салдарынан көліктің бірі аялдамаға соғылған.
"Жол апатынан алты адам зардап шекті, оның ішінде бірнеше кәмелетке толмағандар бар. Олардың бірі - жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 17 жастағы жасөспірім, әртүрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Қалғандары медициналық тексеруден кейін үйге жіберілді. Тергеу қылмыстық кодекстің 345-бабы "Жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бойынша жүргізіледі", - деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство жол апаты бойынша мән-жайларды зерттеудің толықтығы мен объективтілігі үшін барлық қажетті сараптамалар жасалып жатқанын жеткізді.