09 мау, 2023 сағат 16:32

Алматы облысында жүйткіген көлік жаяу жүргіншіні қағып кетті - видео


Алматы маңындағы ауылдардың бірінде Hyundai жүргізушісі дрифт жасап, жаяу жүргіншіні қағып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған, кадрлар әлеуметтік желіде тарады.

Видеода түн уақытында қолына сөмке ұстаған ер адам көшеде келе жатқаны көрінеді. Кенет бұрлыстан асқан жылдамдықпен көлік шыға келеді. Жаяу жүргінші көлікті дер кезінде байқап қалып, темір қоршауға секіріп шығуға ұмтылады. Алайда ол құтыла алмайды. Көлік қатты келіп соққаннан ер адам құлап түседі. Орнынан тұруға ұмтылғанымен қолынан келмейді.

Полиция мәліметінше, оқиға 8 маусымда түнгі сағат 23:30 шамасында болған. Көлікті 19 жастағы жасөспірім тізгіндеген.

"Ол Боролдай ауылы көшелерінің бірінде көлікті тізгіндей алмай, 35 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Түрлі дене жарақаттарымен зардап шеккен адам Өтеген батыр ауылының ауруханасына жатқызылды.

Кінәліге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 610-612-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік айыппұл тұрағына қойылды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, соталды тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді Алматы облысының полиция департаменті өкілдері.