Фото: Polisia.kz
Әлеуметтік желіде жүргізушілердің жолдағы жанжалының видеосы тарады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ашуланған жүргізушінің бірі сол жақ жолақтағы көлікті тоқтатып, капотына шығып, аяғымен алдыңғы әйнегін сындырған. Содан кейін ол төмен түсіп, жүргізуші отырған жақтағы терезені шағып тастап, іштегі азаматты ұруға талпынып, қоқан-лоққы көрсеткен. Бұл кезде көліктің ішінде жүргізушіден бөлек әйелі мен баласы болған.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданының полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол Алматы қаласының 1993 жылғы К. есімді тұрғыны болып шықты.
"28 маусым Жамбыл ауданының ПБ-ға 1992 жылғы О. есімді азамат Алматы-Бішкек автожолында сағат 19:20 шамасында жол қозғалысы ережелерін бұзып, жол-көлік оқиғасын жасаған, сонымен қатар бұзақылық ниетпен көлігін бүлдірген белгісіз адамға қатысты шаралар қабылдау туралы жазбаша арызбен жүгінген.
Дерек ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша бірден аудандық полицияда тіркелді.
Жәбірленушіге сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдіктінің автомашинасы Ұзынағаш ауылының арнайы айып тұрағына қойылды. ЖКО дерегіне қатысты ҚР ӘҚБтК 610-бабы 1-бөлігі бойынша К. есімді жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды" - делінген хабарламада.
Бұзақылық дерегі бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімін қабылдау үшін тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.