Алматы облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен сәт видеоға түсіп қалды
Желіде жаяу жүргіншіні көлік қалай қағып кеткені түсірілген видео таратып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ақпаратқа сүйенсек, оқиға Алматы облысы Шелек ауылында болған. Оқыс оқиға көлік жуу орнының сыртында орнатылған бақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларға қарағанда, автокөлік солға қарай көлік жууға бұрылғалы тұрғаны көрінеді. Осы кезде оның артынан асқан жылдамдықпен келген ақ түсті көлік соқтығысудан қашып, жаяу жүргіншіні қағып кетеді.
Полиция жаяу жүргіншіні 20 сәуірде қағып кеткенін айтты. Зардап шегуші - 55 жастағы әйел.
"Жаяу жүргіншіні LADA көлігін мінген 25 жастағы жергілікті тұрғын қағып кетті. Жәбірленуші түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Жүргізуші полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жауап алынды. Көлік мамандандырылған автотұраққа қойылды", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Апат бойынша соталды тергеу басталып, қажетті сараптамалар тағайындалған. Оқиға орнынан алынған бейнежазбалар тергеу ісіне енгізілген.