Алматы облысында мопед тізгіндеген ер адам темір қоршауға соғылып, 6 жасар қыз көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жантүршігерлік апаттың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2 шілде сағат 21:00 шамасында Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылындағы көшелердің бірінде мопед айдап келе жатқан 1981 жылы туған азамат рөлді басқара алмай қалған және ғимараттың қоршауына соқтығысқан.
"Жол апаты салдарынан жүргізуші мен оның 2017 жылы туған қызы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Алайда, кішкентай қыз есін жимастан қайтыс болды", - дейді ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі ("Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.