Сурет: Tengrinews.kz
Алматы облысы Кеген ауданында оқыс оқиға болып, салдарынан төрт адам қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.
Желіде оқиға орнынан видео жарияланды. Кадр сыртындағы дауыс көлік асудан ұшып кеткенін айтады.
Алматы облысының Полиция департаменті мәліметінше, 20 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданындағы Кеген-Ақсай-Көкпек тасжолының бойында Hyundai Santamo және Mitsubishi Galant маркалы екі көлік жол апатына ұшыраған.
Апат салдарынан Hyundai Santamo маркалы автокөлік жүргізушісі және оның үш жолаушысы оқиға орнында қайтыс болған.
"Жол-көлік оқиғасы ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша Кеген ауданының ПБ ЕҚДБ-да тіркелді. Соталды тергеп-тексеру жүргізу Алматы облысы ПД Анықтау басқармасының анықтаушыларына тапсырылды", - делінген облыстық полиция хабарламасында.
Қылмыстық істің тергелу барысы мен нәтижесі Алматы облыстық Полиция департаментінде бақылауға алынды.