Видеодан алынған кадр
Алматы облысында үш судья пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдар жасаған жемқорлық қылмыстарды анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді.
Қазіргі уақытта іс бойынша қылмыс туралы кісі өлтіруден хабарламауға дейінгі әрекеттерді қайта саралау туралы мәселені шешу сылтауымен алаяқтық жолмен ірі мөлшерде ақша алды деген күдікке ілінген Алматы облысы Қонаев қаласы сотының төрағасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр" - делінген хабарламада.
Басқа жағдайда, Алматы облысы Талғар аудандық сотының судьясы айтарлықтай мөлшерде пара алды деген күдікке ілінген.
Ол сот орындаушысы арқылы кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыс жасаған адамға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрін өзгерту туралы оң шешім шығарғаны үшін ақшалай сыйақы алған.
"Сондай-ақ, Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Ол кәсіпкерден миллиардтаған салық берешегі бар екі компанияны банкрот деп тану туралы заңсыз шешімдер шығарғаны үшін пара алды деп айыпталып отыр.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі" - делінген хабарламада.