© Sputnik / Рамиль Ситдиков
Алматы облысында үш ер адам төбелесқор ағасын жөнге саламыз деп балғамен ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 маусымда Еңбекшіқазақ ауданында Лепка көлінде зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның денесі табылған. Оның қолдары жіппен байланып, денесі көрпеге оралған.
Полицейлер зардап шегушінің Талғар ауданының 39 жастағы тұрғыны екенін анықтады. Ол Тұздыбастау ауылында анасы және інісімен бірге тұрған. Ер адамның алкогольді жиі ішіп, отбасылық жанжал ұйымдастырғаны белгілі болды. Осы әрекеті үшін бірнеше рет жауапқа да тартылған.
Тәртіп сақшылары кісі өлтірді деген күдікпен жәбірленушінің үш туған ағасын ұстады. Алдын ала болжам бойынша отбасылық жанжал жиі болуына байланысты оның туыстары 27 мамырда мәселені түбегейлі шешу үшін жиналған.
"Жанжал шығарушымен сөйлеспек болғанда жағдай ушығып кеткен. Үш ағайынды балға және күрек сабымен төртіншісін өлтірді. Мәйітті көрші ауданға апарып, көлге лақтырған", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі ("адамдар тобы жасаған кісі өлтіру") бойынша тергеліп жатыр.