10 там, 2022 сағат 10:17

Алматы облысында Ұлттық ұлан әскери қызметшісі көз жұмды


Алматы облысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаза болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі ҚР ҰҰ "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 5571 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальон жеке құрамы 2022 жылдың 8 мен 13 тамызы аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында далалық жаттығуда болған.

"9 тамыз сағат 20:55 шамасында қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы А.Н. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп шатырдан соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған.

Қатардағы А.Н. Шахимовқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қайтыс болғанын тіркеді.

Қатардағы А.Н. Шахимов өзінің жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарып, өкінішке қарай өзі қатты соққыдан қаза болды", - делінген хабарламада.

Ол 2003 жылы дүниеге келген. Ұлттық ұлан қатарында 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысы Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен шақырылған.

"Дерек туралы кезекші қызмет желісі бойынша тиісті органдарға хабарланды. Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексеріс тағайындалды.

ҚР Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы және "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы мерзімдік қызмет әскери қызметшісі А.Н. Шахимовтың ата-анасы мен жақындарына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтады", - делінген хабарламада.