Фото: pixabay.com
Алматы облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, биыл 17 қаңтарда Алматы облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А. Абдрахмановқа және басқа да адамдарға қатысты үкім шығарылған.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жоғарғы Сотпен бірлесіп судьяның заңсыз қызметін тоқтатқан.
"А. Абдрахманов Қарасай ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының Өндіріп алу бөлімінің басшысы А. Асилбековтың көмегімен екі ЖШС-ны банкрот деп танығаны үшін кәсіпкерден пара алды деп айыпталды.
Қонаев қалалық сотымен А. Абдрахманов 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
А. Асилбековке 122,5 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Ал пара беруші 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды.
Сондай-ақ сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады.
ҚР ҚК 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады" - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.