21 қаң, 2019 сағат 17:23

Алматы облысында студенттерге тоғыз қабатты жатақхана беріледі

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Талдықорған қаласындағы құрылысы толық аяқталмаған, сондай-ақ, жаңадан басталған нысандарды аралап шықты. Әрине, көңіл толар көптеген табыс бар. Арасында сын-ескертпе естіп, жұмыс қарқынын тездетуге уәде еткен мердігерлер де кездесті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары ең алдымен Қаратал шағынауданындағы құрылысы 1993 жылы тоқтап, содан бері қаңырап бос тұрған көпқабатты ғимаратқа бас сұқты. Аталған нысанды ел игілігіне беру үшін бұған дейін де талай рет жоба-жоспардың жасалғанын білеміз. Бірде қонақүй, енді бірде әкімшілік мекемелер орналасатын ғимаратқа айналмақшы болған. Өкінішке қарай, құжаттандыру, тағы да басқа кедергілердің кесірінен уәде орындалмай келген еді. Енді сол 9 қабатты нысан Талдықорған қалалық медициналық колледжінің жатақханасы болып қайта жаңғыртылатын болды. Бұл - ең соңғы шешім. Биылғы оқу жылына дейін жөндеу жұмысы толық аяқталатынын Лаззат Махатұлы сеніммен айтты. Демек, жатақхананың жетіспеушілігінен пәтер жалдап тұратын болашақ мамандардың қиыншылығы осы нысанның іске қосылуымен шешілмек. Сондай-ақ, ғимараттың айналасындағы ат шаптырым аумақты алып жатқан бос жер абаттандырылып, студенттердің бос уақытында көңілді демалыс ұйымдастыратын орны болмақ. Ғимараттың іргесіндегі аквапарктің айналасына да жөндеу жұмысы жүргізілмек.

Лаззат Махатұлы келесі кезекте назар аударған нысандардың бірі – Талдықорған қаласында жаңадан салынып жатқан, интернет желісіне қосылған, көпсалалы қызмет көрсетуге арналған аялдама. Биыл қала бойынша әрбірінің құны 8 миллион теңге тұратын 10 аялдама салынады. Қазір оның бесеуінің құрылысы аяқталып, жолаушылар көлігін күтетін жүргіншілердің алғысына бөленуде. Қалғандары жыл соңына дейін ел игілігіне асырылады. Бірақ аялдаманы аралап шыққан тексерушілер ондағы кейбір кемшіліктерді де байқап қалды. Лаззат Махатұлына аялдамалардың ішкі безендіру жұмысы ұнамады. Өйткені, ішкі безендіруге қолданылған материалдардың дені күңгірт түспен боялған. Аялдаманың іші адамдарға сергектік сыйлайтын ашық түсті болғаны жөн емес пе? «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының қаржысы бойынша бой көтерген 5 және 16 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен құрылыс жұмысы былтырдан бері жалғасып келе жатқан коттеджді қалашықтан да кемшіліктер байқалды. Бұл нысандағы құрылыс жұмысы сапалы жүргізіліп жатқанымен қарқыны баяу. Құрылыстағы кемшіліктерді мердігер компания өкілдеріне көрсетіп шыққан Лаззат Махатұлы құрылыс жұмысы осы қарқынмен жүргізілсе, тұрғын үйді белгіленген уақытта бітіре алмайтынын сынға алды. Бірақ мердігерлер бұл үйлерді сәуір айында бітіретіндерін айтып, уәде берді.

Лаззат Махатұлы тағы бір назар аударған мәселе – Талдықорған қаласындағы жеке компаниялардың қаржы қосуымен салынып жатқан көпқабатты үйлердің жағдайы болды. Әрине, бұл үйлерді жеке құрылыс компаниялары өз қаржысы есебінен салып жатқандықтан, құрылыс сапасынан кінә табу қиын. Сәулеті де, салтанаты да, жобасы да келісіп тұр. Бірақ Лаззат Махатұлы:

– Бұл үйлер салынып біткеннен кейін тек үйдің маңайын ғана тазалап, іс бітті деп кетіп қалмау керек. Сол үйдің айналасындағы аумақ абаттандырылатын болсын. Сондықтан, тиісті мекемелер үнемі қадағалап отыруы керек, – деп қалалық мекеме басшыларына тапсырма берді.

Қаладағы он шақты нысанды аралаған облыс әкімінің бірінші орынбасары тексеріс соңында журналистер қойған сұраққа жауап беріп, құрылыс саласының алдағы уақыттағы жай-күйі туралы мағлұмат берді.

Қажет Андас