Бүгін, 22 сәуір Талдықорған қаласының мәдениет сарайында ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатты сайлау өтті. Халық қалаулылары басым дауысты Жанболат Жөргенбаевқа берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенат депутаттығына екі үміткер қатысты.
Олар - Алматы облыстық мәслихатының депутаты Гүлмира Ахметова және Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаев.
«Сайлауға Алматы облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. 346 депутаттың 47-і Г. Ахметоваға, 294-і Ж. Жөргенбаевқа дауыс берді. Ал 5 халық қалаулысы екі кандидатқа да дауыс бермеді»,- деді Алматы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов.
Сайлау қорытындысына сәйкес, Жанболат Жөргенбаев ҚР Парламенті Сенатына Алматы облысы атынан депутат болып барады.
Сайлау хаттамасы Орталық сайлау комиссиясына жолданады.