Алматы облысындағы теміржол өткелінде жүк пойызы көлікті қағып өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 тамызда Іле ауданындағы "Еңбек-Құйған" теміржолында жүк пойызы мен Аudi 100 көлігі соқтығысқан.
"Соқтығыс салдарынан көлік өртеніп, оның 40 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Көлікте болған тағы үш ер адам түрлі дене жарақаттарымен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді", - деді полицейлер.
Жол-көлік оқиғасы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бойынша тергеліп жатыр.