Алматы облысында жеке тұрғын үйден шыққан өрт 2 сәбидің өмірін қиды. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство мәліметінше, бүгін сағат 13.16-да өртке қарсы қызметтің пультіне Талғар ауданына қарасты Өстемір ауылындағы жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына 35 шақырым шалғайдан өрт сөндіру бөлімшесі келіп жеткен кезде бүкіл үй қызыл жалынға оранып жатқан.
«Сағат 14.14-те өрттің таралуы тоқтатылып, сағат 14.21-де толығымен сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 77 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін көршілер өртеніп жатқан үйден 2016 және 2017 жылдары дүниеге келген 2 баланы шығарып алған. Балалар аудандық ауруханаға барар жолда алған жарақаттары салдарынан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деді комитеттен.
Өртті сөндіруге Алматы облыстық Төтеше жағдайлар департаменті жеке құрамының 8 маманы мен 2 техникасы жұмылдырылған.