26 там, 2022 сағат 14:21

Алматы облысында мемлекеттік шекараны бұзған шетелдік ұсталды


ҚР ҰҚК баспасөз қызметі мемлекеттік шекараны бұзған шетелдік азамат ұсталғаны туралы хабарлады.

"24 тамыз кешке ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің шекарашылары Кеген ауданындағы Іле Алатауы жотасы таулы шатқалдарының бірінен Мемлекеттік шекараны бұзып өткен шетел азаматын ұстады.

Шекара нарядының "тоқта және құжатыңды көрсет" деген талабын естіген шекара бұзушы өзінің аңшы қаруымен әскери қызметшілерге қарай оқ атып, қарсылық көрсеткен және ізін суытуға тырысқан" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, ұсталған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Шекарашылардың өмірі мен денсаулығына зиян келмеді, олар шекараның таулы учаскесін күзету бойынша қызметін жалғастырады. Ұстау кезінде көрсеткен ержүректігі мен батылдығын ескере отырып, әскери қызметшілерді көтермелеу мәселесі қаралып жатыр" - дейді ҰҚК баспасөз қызметі.