27 мам, 2022 сағат 19:25

Алматы облысында мәслихат қызметкері жалған нөмірмен жүрген


Алматы облысында мәслихат хатшысының жүргізушісі облыс әкімдігінің балансындағы көлікке жалған нөмір тағып жүрген. Алматы облысының полициясы бұл ақпаратты растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"KIA автокөлігінде жалған МТНБ қолдану дерегі расталғанын хабарлаймыз. Қызметтік автокөліктің 45 жастағы жүргізушісі ҚР ӘҚБтК 590-бабының 3-бөлігі ("Көлiк құралына көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) орнату") және ҚР ӘҚБтК 590-бабының 4-бөлігі ("Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару") бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Қызметтік автокөлік арнайы тұраққа қойылды", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Бұған дейін бұл оқиға туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова хабарлаған. Ол Талдықорғанда 702 YEZ 02 мемлекеттік нөмірімен жүрген автокөлікті видеоға түсірген. Бұл нөмір жалған болып шыққан. Көлікті облыстық мәслихат хатшысының жүргізуші басқарған. 

Журналист кейін облыстық мәслихат хатшысының көлігін ұстап, хаттама толтырған полиция қызметкерлерін бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ұстағанын айтқан еді.

Антикор бұл ақпаратты жоққа шығарып, халықты жалған ақпарат таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

"Әлеуметтік желілерде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы облысы бойынша Жол полициясының екі қызметкерін ұстағаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұған дейін полиция қызметкерлері мәслихат хатшысын жауапқа тартқаны хабарланған болатын. Антикоррупциялық қызмет атынан аталған фактілер бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ екенін хабарлаймыз", - деді ведомство өкілдері.