28 нау, 2020 сағат 22:39

Алматы облысында коронавирус жұқтырғандардың елдімекендерінде дезинфекция жүргізілуде

Алматы облысында коронавирус жұқтырған үш науқас тұратын елдімекендерде дезинфекциялау жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

COVID-19 вирусын жұқтырудың жаңадан 3 жағдайы тіркелген болатын. Олар - Қарасай ауылының, Іле ауданындағы Көкқайнар, Жамбыл ауданындағы Аққайнар ауылының тұрғындары. Барлығы Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасында ем алуда.

«Аққайнар ауылындағы жағдай тіркелген үйді және ол үйдің көршілерінің үйін, ауласын, толықтай іші-сыртын дезинфекциялау жүргізілді. Ауылдың көшелеріне де залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді», - деді Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы.

Айта кетейік, 1957 жылы туған əйел Іле ауданынындағы провизорлық госпитальда карантинде жатқан болатын. Ол коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Əйел адамнан анализдер алынды. Талдау қорытындысы бойынша, ол Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына ауыстырылды. 

Екінші жағдайда - Жамбыл ауданының тұрғыны, 1997 жылы туған қыз бала 20 наурызда Оңтүстік Кореядан Ие Чоу-Алматы OZ 577 рейсімен ұшып келген. 

Вирус сондай-ақ 1995 жылы туған Қарасай ауданының тұрғынынан анықталды. Ол жүктіліктің 21-22 аптасында.

Еске салсақ, Алматы облысында коронавирустың барлығы 4 жағдайы тіркелді.