Алматы облысында қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысқан 11 адам ұсталды
Алматы облысының полицейлері ҰҚК қызметкерлерімен бірлесе отырып, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, оған қатысты деген 11 күдіктіні анықтап, ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 20-39 жас аралығындағы күдіктілер облыстың әр ауданында ұсталған. Олардан бұрын тәртіп сақшыларынан ұрланған атыс қаруы, арнайы қорғаныс құралдары мен оқ-дәрілер тәркіленген.
"Тінту кезінде күдіктілерден екі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, көптеген оқ-дәрі, құқық қорғау және қауіпсіздік шараларында қолданылатын полицияның оқ өткізбейтін кеудешелері және арнайы құралдар тәркіленді. Тәркіленген қару-жарақ пен мүлік бұрын қалалық және облыстық полиция ғимараттарына шабуыл жасау кезінде ұрланған құралдар есебінде", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Жедел іздестіру шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі Сарқан ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталған.
"Жеке тінту кезінде одан "Макаров" тапаншасы, оған арналған оқ-дәрі және гашишке ұқсас ерекше иісі бар, салмағы 210 грамм жасыл түсті заттың бір бумасы тәркіленді. Қару мен оқ-дәрілерді, сондай-ақ есірткі құралдарын заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Тағы бір айта кетерлігі, ұсталған азаматтың туыстары Полиция департаменті ғимаратына басып кіріп, тергеу барысына кедергі келтірмек болған", - деп толықтырды полицейлер.
Ұсталғандар видео арқылы расталып отырғаны айтылды. Бейнебақылау камераларына күдіктілердің облыс әкімдігі мен қалалық полиция ғимараттарын басып алуға қалай қатысқаны, сондай-ақ тәртіп сақшылары мен әскери қызметкерлерге күш қолданғаны түсіп қалған.
"Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бойынша тергеліп жатыр. Жиналған материал дәлелдемелік базамен бірге арнайы прокуратура қызметкерлері өндірісіне жіберілді", - деп қорытындылады департаменттегілер.