Фото ашық дереккөзден алынды
Алматы облысының полицейлері кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдіктіні анықтап, ұстады. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті бастығы Бауыржан Әленов хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қарашада Жамбыл ауданының полициясына Ақсеңгір ауылының 44 жастағы жергілікті тұрғынынан биыл қазан айында белгісіз ер адамның қызына қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасағаны туралы хабарлама келіп түскен болатын.
"Аталған дерек ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылғы К. есімді күдікті азаматты анықтап, ұстады. Сот санкциясымен ұсталған адам сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды.
Қазіргі уақытта қылмысты тергеуде оның толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында сараптамалық тексерулер тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр" - деп жазды Бауыржан Әленов.