Алматы облысы полицейлері із-түзсіз жоғалып кеткен 16 жастағы Гүлжан Мырзатқызын Алматыдағы арбаттан тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары үйінен белгісіз бағытта шығып, хабарсыз кеткен 16 жастағы қызды Алматы қаласынан тапты. Іздеу жарияланған қыз аман-есен ата-анасына табысталды», - деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.
Алдын ала тергеу барысында оның жанұялық жанжал кезінде үйінен кетіп қалғаны анықталды. Тәртіп сақшылары кәмілеттік жасқа толмаған жасөспірімді арнайы есепке қойды.
«Аудандық полицияға қызының белгісіз бағытта кеткені туралы әкесі арызданған. Жасөспірімнің мекенжайын анықтауға тәжірибелі мамандар жұмылдырылып, 4 күн ішінде таптық. Биыл Еңбекшіқазақ ауданында іздеу жарияланған 30 адам табылды. Оның ішінде 3 кәмелетке толмаған бала бар», - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.
Естеріңізге салайық, 21 желтоқсан күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Әймен ауылында тұратын кәмелетке толмаған жасөспірім қыздың жоғалып кеткені туралы жазған болатынбыз.