04 шіл, 2022 сағат 18:14

Алматы облысында бірқатар аудан басшылығына сөгіс жарияланды


Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бірнеше аудан әкімінің орынбасарларына сөгіс жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында әкім жер телімдерін берудің заңдылығы мәселесін көтерді. Баспасөз қызметі мәліметінше,  облыстың үш ауданында жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту дерегі бар.

"Осылайша, Іле ауданында үш жер телімінің нысаналы мақсаты шаруа қожалығынан өндірістік нысанға ауыстырылған. Осыған ұқсас екі факт Еңбекшіқазақ ауданында, тағы екі факт Қонаев қаласында тіркелген", - делінген хабарламада.

Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы жерлерін сегменттеуге және кейіннен нысаналы мақсатын өзгертуге жол берілмейтінін мәлімдегені айтылды.

"27 маусым мен 1 шілде аралығында облыста 7,5 мың гектар аумақта 578 жер учаскесі берілді. Алдымызда жер телімдерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ретке келтіру міндеті тұр. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері бекітілген қала құрылысы құжаттамаларымен қамтамасыз етілген учаскелерде берілуі керек", - деді әкім.

Анықталған деректерді ескере отырып, облыс әкімі бөлінген учаскелердің заңдылығына талдау жүргізіп, аудан әкімінің жер қатынастарына жетекшілік ететін орынбасарларына сөгіс жариялауды тапсырды, деп толықтырды баспасөз қызметі өкілдері.