Фото: © Sputnik / Абзал Калиев
Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мониторинг барысында әкімнің активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды ұсынбаған үміткерді Қарасай ауданы Кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы лауазымына тағайындағаны анықталды.
Бөлім басшысы - мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға. Сондықтан бұл ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабында көзделген талаптарды бұзу болып табылады ("Мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы").
Аталған тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Істі қарау барысында әкім кінәсін толық мойындады" - делінген хабарламада.
Антикор мәліметінше, әкімге 50 МРП көлемінде айыппұл салынған.