Алматы облысының Ақсу ауданындағы Жансүгіров ауылында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесінде көпбалалы отбасыға жаңа баспана берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жансүгіров ауылының оңтүстік-шығысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 20 тұрғын үй бой көтерген. Басқан ауылының тумасы, 7 баланың анасы Самал Қожахметова жаңа үйдің иесі атанды.
«Ауданымызда көпбалалы аналар аз емес. Солардың бірі - жеті баланың анасына үйдің кілтін табыстап отырмын. Мұндай жұмыстар әрі қарай жалғасын тауып, қазақтың әрбір батыр анасының көңілі тоқ болуына ықпал етіп, игі бастамамызды жалғастыра береміз», - деді аудан әкімі Есім Сейілханұлы.
Қуанышына қойнына сыймаған Самал Тұрсынбекқызы аудан әкімдігіне шексіз алғысын жеткізді.
«Бүгінге дейін баспана қиыншылығын көп көрдім. Пәтер жалдап күн кештік. Баспана болмағандықтан балаларымды интернатта оқыттым. Енді өзіміздің жеке үйіміз бар. Аудан әкіміне, жалпы жұртшылыққа рахмет. Көпбалалы ана деп ескеріп, осындай үйдің кілтін табыс етіп отыр», - деді батыр ана.
Баспананың аумағы - 68,43 шаршы метр. 3 бөлмелі жаңа үйде «Алтын алқа» иегері енді Мадияр, Данияр, Диана, Бейбіт, Әлия, Ақбота және Жанарыс атты ұл-қызарымен бірге тұрады.
Жалпы, ауданда қазір 58 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде үшеуі - «Алтын алқа», 12-сі - «Күміс алқа» иегерлері.