Алматы облысында барымташы 31 жылқыны айдап әкетіп бара жатқан жерінен ұсталды. 25 жастағы күдікті бұған дейін де мал ұрлап сотталған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«19 тамыз күні полицейлер барымташыны Көксу өзенінен өтетін аспалы көпір маңында 31 жылқыны өткізіп жатқан кезде қолға түсірген. Ең қызығы, тәртіп сақшылары күдіктіні малдың иесі арызданбай жатып қолға түсірген. Талғар ауданының тұрғыны Кербұлақ ауданындағы жайылым жерінен 34 жылқым ұрланды деп жергілікті полиция бөліміне 20 тамызда арызданып келген. Алайда дәл сол сәтте оның малы қауіпсіз жерде тұрғанын бір-ақ білген», - деді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қуанышы қойнына сыймаған мал иесі облыстық полиция департаментіне жедел әрекеті үшін алғыс білдірді.
Ал малды ұрлаған күдікті тергеу барысында алғашқы түсініктемесін бере бастады. Оның айтуынша, Сарыбұлақ ауылының екінші фермасының маңында иесіз жайылып жүрген бір үйір жылқыны байқап қалған. 34 басты ол үш тәулік бойы өзінің тұрғылықты жері Көксу ауылына қарай айдаған. Жол-жөнекей 3 жылқы үйірден қалып қалған, дейді күдікті. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып ҚР ҚК 188 бабы, 4-ші бөлігі, 3-ші тармағы бойынша сот алды тергеу жұмыстары жалғасуда.