13 шіл, 2022 сағат 16:31

Алматы облысында 120-дан астам мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген


Алматы облысының білім мекемелерінде 120 астам мұғалім жалған дипломмен қызмет атқарған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Алматы облысы прокуратурасы органдарымен өңірдегі қала, аудан білім беру мекемелерінде қызмет атқару мен сапалы білім ұсынуларына қатысты талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Сарқан, Қарасай, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының орта мектептерінде 122 мұғалім жоғары оқу орындарының жалған дипломын пайдалану арқылы жұмыс атқарғандары анықталды" - делінген хабарламада.

Жалған құжаттар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің атын пайдалану арқылы жасалған.

"Көрiнеу жалған құжатты пайдалану деректері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта, қылмыстық қудалау органымен 41 маманға қатысты қылмыстық істер кінәларын мойындауларына байланысты және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына орай ақталмайтын негіздер бойынша өндірістен тоқтатылды және олар қызметтен босатылды" - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.

81 маманға қатысты қылмыстық істер тергелу үстінде.