Алматы облысында 3 жастағы қыз ауладағы дәретханаға құлап, аман қалды. Оны 10 жастағы көршісі құтқарып қалған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқиға 14 шілде күні Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылында болған. 2019 жылғы қыз бала ауладағы дәретханаға құлап, оны 10 жастағы көршісі құтқарып шықты», - делінген Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, Әлихан дәретхананың шұңқырына түсуге әкесінен өзі сұранған. Себебі, баланың әкесі әжетхана тесігіне сыймаған. Осы сәтте ол ұлын арқанмен байлап, дәретхананың ішіне түсіріп, алдымен қызды, содан кейін ұлын тез шығарып алған.
«Балалар улы газбен тұншығып кетуі мүмкін еді. Бірақ баланың батыл және тез әрекеттерінің арқасында екеуі де медициналық көмекке мұқтаж болмады. Әлихан көрші қыздың өмірін сақтап қалғаны үшін ведомстволық марапатқа ұсынылады»,- деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.