Алматы облысының әкімдігі Арыс қаласының 150 баласын жазғы лагерьге қабылдауға дайын. Сондай-ақ ертең Түркістан облысына 8 ауыр жүк көлігі гуманитарлық көмек жеткізу мақсатында жолға шығады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы облысы Арыстағы ағайынға қолдан келген көмекті көрсетуге дайын. Жетісу өңірі Арыстағы 150 баланың жазғы демалысын жақсы өткізу мақсатында лагерьге қабылдаймыз. Сонымен қатар ертең 8 ауыр жүк көлігі Түркістан облысына гуманитарлық көмекті жеткізеді» деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысындағы мемлекеттік қызметшілер, ведомстволық және бюджеттік мекеме жұмысшылары Арыс тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында біркүндік жалақысын аударатынын бұған дейін хабарлағанбыз. Сондай-ақ өңірде #ЖетісуАрыспенБірге хэштегі аясында түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылуда.